Ортақ сынақтар Бірлескен шешімдер

GRI 2-22

Директорлар кеңесі төрағасының үндеуі

Нұрлан Жақыпов

ҚҰРМЕТТІ МҮДДЕЛІ ТАРАПТАР!

Сіздердің назарларыңызға ҚМГ 2025 жылға арналған тұрақты даму туралы есебін ұсынамын.

ҚМГ – «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ең ірі активі және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мұнай-газ секторының негізгі тірегі. 2025 жыл ҚМГ-нің құбылмалы нарық жағдайында да тұрақтылығын сақтай алатынын айқын көрсетті. Есепті жылы Директорлар кеңесі негізгі ESG-бастамалардың іске асырылуына стратегиялық қадағалауды жүзеге асырып, Компанияның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған шешімдер қабылдады. Есепті кезеңдегі Компанияның таза пайдасы 1 072 млрд теңгені, ал акционерлерге төленген дивидендтер көлемі 300 млрд теңгені құрады. IPO өткізілген сәттен бастап ҚМГ бағалы қағаздарының құны оң динамиканы көрсетуде: 2025 жылы акциялар бағасы 2022 жылмен салыстырғанда 158%-ға өсті.

ESG – стратегиялық басымдық

Директорлар кеңесі орнықты дамуды стратегиялық басқарудың ажырамас бөлігі, әрі Компанияның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын фактор ретінде қарастырады. 2025 жылы біз ҚМГ-нің 2022–2031 жылдарға арналған даму стратегиясын іске асыруға, негізгі тәуекелдерді басқаруға, ESG факторларын басқарушылық шешімдер қабылдау процестеріне интеграциялауға және тұрақты даму саласындағы нысаналы тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге баса назар аудардық.

Біз климаттық тәуекелдерді бағалау жүйесін жетілдіру және энергетикалық ауысымға бейімделу жұмыстарын жалғастырып келеміз. MSCI агенттігі берген «BBB» рейтингі біздің басқару жүйеміздің тұрақтылығын растады. ESG көрсеткіштері басшылықтың тиімділігін бағалау жүйесіне және корпоративтік қызметтің негізгі көрсеткіштері енгізіліп, тұрақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жауапкершілікті қамтамасыз етеді.

2025 жылы Директорлар кеңесі жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдана отырып, жобаларды енгізу жөніндегі Жол картасын бекітті. Бұл құжат цифрландыру мен ЖИ-ді операциялық тиімділікті арттыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту және басқарушылық шешімдердің сапасын жақсарту құралдары ретінде бекітті. Негізгі күтілетін нәтижелерге автоматтандыру және деректерді талдау арқылы нақты экономикалық әсерге қол жеткізу, өндірістік нысандардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ цифрлық технологияларды Компания ауқымында кеңейтуге мүмкіндік беретін тұрақты құзыреттер экожүйесін қалыптастыру жатады.

2025 жылғы желтоқсанда Директорлар кеңесі тұрақты даму мәселелеріне арналған арнайы отырыс өткізіп, онда ҚМГ компаниялар тобындағы төмен көміртекті даму бағдарламасының іске асырылу барысы мен өндірістегі жарақаттануды азайту шаралары қаралды.

Өңірлер мен қоғам алдындағы жауапкершілік

ҚМГ қызмет жүргізетін өңірлерде шамамен 50 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарына салынатын инвестициялар – ұлттық компания ретіндегі біздің жауапкершілігіміздің ажырамас бөлігі.

2025 жылы Қауіпсіздік, еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму комитеті еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік, экологиялық қауіпсіздік мәселелерін, төмен көміртекті даму бағдарламасы іс-шараларының орындалу барысын үнемі назарда ұстады, сондай-ақ өндірістік қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелері бойынша еншілес және тәуелді ұйымдардың басшыларын тыңдады.

Экологиялық жауапкершілік және климаттық мақсаттар

Біз қоршаған ортаға әсерді жүйелі түрде азайтып, ұзақ мерзімді климаттық стратегияны іске асырып келеміз. Директорлар кеңесі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын жүйелі бақылауда ұстайды. Олардың қатарында «Кендірлі» теңіз суын тұщыландыру зауытының құрылысы, Маңғыстау облысында гибридті электр станциясын, сондай-ақ Жамбыл облысында «Мирный» жел электр станциясын салу жобалары бар.

2025 жылы тәулігіне 50 мың м³ дейін ауыз су өндіретін «Кендірлі» тұщыландыру зауытының құрылысы толық аяқталды. Жоба өңірді ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етіп қана қоймай, 91 жұмыс орнын ашып, Маңғыстау облысының инфрақұрылымдық дамуына елеулі үлес қосты.

2025 жылғы қыркүйекте Маңғыстау облысында қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясы пайдалануға берілді. Сонымен қатар қуаты 120 МВт болатын жел және газ электр станцияларын қамтитын гибридті жоба аясындағы құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар көміртек сыйымдылығын төмендетіп, тұрақты энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді.

2025 жылы ҚМГ климаттық бастамаларды іске асыруды жалғастырды: Компания OGMP 2.0 шеңберінде, оның ішінде 3-ауқымды қамти отырып, метан шығарындылары бойынша есеп берді, сондай-ақ Павлодар облысында Chevron компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан орман-климаттық жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.

Компания тарихи экологиялық залалды жоюда жүйелі тәсілді ұстанып келеді: 2025 жылы 338,8 мың тонна тарихи мұнай қалдықтары жойылды. 2018 жылдан бері 4,6 млн тонна қалдық қайта өңделіп, «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның келісімшарттық аумағындағы тарихи ластанулар толық жойылды.

Ұзақ мерзімді құндылық және стратегиялық өсу

Директорлар кеңесі ашықтыққа, корпоративтік басқару сапасына және есептілікке басымдық береді. ESG қағидаттары тәуекелдерді басқару жүйесіне және басшылықтың тиімділігін бағалау процесіне интеграцияланған. Біз операциялық модельдің тұрақтылығы, қоғам алдындағы жауапкершілік және капиталды ұтымды пайдалану арасындағы теңгерімді сақтаймыз.

2026 жылы Директорлар кеңесі ҚМГ-нің 2022–2031 жылдарға арналған даму стратегиясының іске асырылуын қадағалауды жалғастырады. Негізгі назар төмен көміртекті даму бағдарламасы бойынша қол жеткізілген ілгерілеуге, ESG бойынша ақпаратты беру сапасына және ҚМГ компаниялар тобындағы өндірістік қауіпсіздікке аударылады.

ҚМГ басшылығы мен қызметкерлеріне ESG күн тәртібін жүйелі түрде іске асырып отырған еңбектері үшін алғысымды білдіремін.

Құрметпен,

НҰРЛАН ЖАҚЫПОВ

Директорлар кеңесінің төрағасы
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ