Ортақ сынақтарБірлескен шешімдер

Мердігерлік ұйымдармен өзара әрекеттесу

GRI 403-7, GRI 403-9

Компания қауіпсіз жұмыс мәдениетін арттыруға, сондай-ақ жұмыстың барлық кезеңдеріндегі тәуекелдерді анықтауға, бағалауға және басқаруға бағытталған өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау (ӨҚ, ЕҚ, ҚОҚ) салаларында мердігерлермен және қосалқы мердігерлермен өзара әрекеттесу процестерін үнемі жетілдіріп отырады.

ҚМГ Өнеркәсіптік қауіпсіздікті, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны жақсартудың 2025–2027 жылдарға арналған жол картасының бөлігі ретінде мердігерлер мен қосалқы мердігерлерлік ұйымдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Бұл шаралар өндірістік тәуекел деңгейі жоғары болып саналатын «Өндіру» және «Мұнайсервис» бизнес салаларында қызмет көрсету барысында орын алған оқиғаларды талдау нәтижелерін ескере отырып әзірленді.

Мердігерлік қызметкерлерге қатысты оқиғаларды егжей-тегжейлі талдау жүргізілді, оларды жұмыс түрлері бойынша жіктеді (бұрғылау және түсіру/ көтерілу операциялары, жөндеу, биіктіктегі жұмыс және жоғары қауіпті жағдайларда басқа да жұмыстар). Талдау барысында басқару мен жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерге, сондай-ақ тікелей басшылар мен келісімшарт әкімшілерінің ӨҚ, ЕҚ және ҚОҚ талаптарын сақталуын жеткіліксіз бақылауына байланысты жүйелі сипаттағы себептер анықталды.

Міндеттерді бөлуге, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің өлшенетін негізгі көрсеткіштерін белгілеуге және жұмыс түрлерін тәуекел деңгейі бойынша (төмен, орташа, жоғары) саралауға ерекше назар аударылады. Мердігерлер үшін ӨҚ, ЕҚ және ҚОҚ бойынша негізі нәтижелілік көрсеткіштер енгізілді.

Мердігерлермен өзара іс-қимылды бақылауды күшейту үшін келісімшарт әкімшілерінің, желілік менеджерлердің және мамандандырылған ӨҚ, ЕҚ және ҚОҚ қызметтерінің рөлін арттыру тетіктері әзірленді, оның ішінде мердігерлер мен қосалқы мердігерлерге ішкі аудит жүргізу, оқиғалар мен сәйкессіздіктердің түпкі себептерін талдау, түзету шараларын әзірлеу және олардың орындалуын бақылау.

2025 жылдың 28 қарашасында өндіріс және қызмет көрсету саласындағы мердігерлік ұйымдардың бас басшыларының, бас директорлардың және ЕТҰ келісімшарт әкімшілерінің қатысуымен HSE-форумы өтті. Форумда серіктестік тәсілін дамытуға және мердігерлердің өнеркәсіптік қауіпсіздік нәтижелері үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталған негізгі басқарушылық және коммуникациялық бағдарлар айқындалды.

Есепті жыл ішінде ҚМГ ӨҚ департаменті 15 ЕТҰ-да мердігер ұйымдармен өзара іс-қимыл үдерістеріне аудит жүргізді. Аудит қорытындысы бойынша мердігерлерде де, ЕТҰ-да да ӨҚ, ЕҚ және ҚОҚ жүйелерін жетілдіруге бағытталған 613 ұсыныс жасалды. Өндірістік нысандарда мердігерлерге қосымша 6803 өнеркәсіптік қауіпсіздік тексеру жүргізілді.

Есепті жыл ішінде Компанияның ЕТҰ-на 941 мердігер ұйым қызмет көрсетті және жұмыстар атқарды. Жалпы көлемнің ең үлкен үлесін көлік қызметтері (22,02%), жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу (15,73%), тазалау қызметтері (9,89%) және санитарлық қызметтер (9,44%) құрады, ал мұнайсервистік қызметтердің жалпы үлесі 26,5%-ды құрады.

Мердігерлердің 2025 жылға арналған ӨҚ, ЕҚ және ҚОҚ саласындағы жұмыс тиімділігін бағалау нәтижесі бойынша, ең көп оқиғалар «Ұңғымаларды бұрғылау және жөндеу» (35%), «Қызмет көрсету» (26%) және «Көлік қызметтері» (26%) бағыттарында тіркелген.

Өндірістік тәуекелдерді одан әрі азайту үшін ҚМГ өз ЕТҰ-ның корпоративтік мердігерлерді басқару талаптарына сәйкестігіне аудит жүргізуге, келісімшарт әкімшілері мен супервайзерлерінің рөлін дамытуға, міндетті жұмылдыру алдындағы аудиттерді енгізуге, цифрлық есептілікті әзірлеуге және мердігерлерді ӨҚ, ЕҚ және ҚОҚ көрсеткіштеріне қарай рейтингтеуге, сондай-ақ мердігер қызметкерлерінің біліктілігі мен білім алуына қойылатын талаптарды арттыруға басымдық береді.

ӨҚ, ЕҚ және ҚОҚ тиімділігін бағалау үшін халықаралық тәжірибеге сәйкес коэффициенттер қолданылады. Ағымдағы көрсеткіштер мердігерлерді басқару тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа стандарттарға көшу қажеттілігін растайды.

Мердігер ұйымдардың қатысуымен 1 млн адам- сағатқа шаққанда жұмыс уақытын жоғалту салдарынан жарақат алу коэффициенті (LTIR) 2025 жылы 0,45 құрады.

Мердігер ұйымдардың қатысуымен 100 млн адам- сағатқа шаққандағы өліммен аяқталған оқиға коэффициенті (FAR) 2025 жылы өндірістік нысанның 8 қызметкерінің қайтыс болуына байланысты 10,38 құрады.

Мердігер ұйымдардың қатысуымен 1 млн жүрілген шықырымға шаққандағы жол-көлік оқиғаларының коэффициенті 2025 жылы (motor vehicle crash rate) 0,07 құрады.

КЕСТЕ 14. МЕРДІГЕРЛЕР ҚАТЫСҚАН АПАТТАР, ӨЛІМ ЖӘНЕ ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ КОЭФФИЦИЕНТТЕРІ

КӨРСЕТКІШ 2023 2024 2025 IOGP
Уақыт жоғалту жарақатының деңгейі (LTIR) 0,15 0,32 0,45 0,24
Өлім-жітім деңгейі (FAR) 5,08 3,86 10,38 0,84
Автокөлік апаттарының деңгейі (MVCR) 0,28 0,05 0,07 0,03