ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР, СЕРІКТЕСТЕР ЖӘНЕ АКЦИОНЕРЛЕР!
2025 жыл ҚМГ үшін тұрақты жұмыс кезеңі және дамудың негізгі бағыттары бойынша жүйелі ілгерілеу жылы болды. Мұнай нарықтарындағы сақталып отырған құбылмалылыққа, логистикалық жағдайлардың өзгеруіне, геосаяси шектеулерге және жаһандық энергетиканың жалғасып жатқан трансформациясына қарамастан Компания тұрақтылығын сақтап, өндірістік және қаржылық тұрғыдан жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Жыл қорытындысы бойынша ҚМГ қосылған құн тізбегінің барлық буындарындағы позицияларын нығайтып, одан әрі өсуге негіз қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастырды.
Негізгі бағыттар бойынша позицияларды нығайту
2025 жылы Компания мұнай мен конденсат өндірісін 26,2 миллион тоннаға дейін арттырды, бұл 2024 жылғы деңгейден 10 пайызға жоғары. Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасы шеңберінде жаңа Үшінші буын зауытын сәтті іске қосу және кеңейту, сондай-ақ жетілген кен орындарында жаңа технологияларды енгізу арқылы қосымша артықшылықтарға қол жеткізілді. Сондай-ақ маңызды нәтижелердің бірі – Батыс Прорва және Қарасор Батыс кен орындарының пайдалануға берілуі болды, осылайша 2,66 млн тонна мұнай қоры игеруге тартылды.
Көлік инфрақұрылымын дамыту және экспорттық бағыттарды әртараптандыру бойынша жұмыстар жалғасты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақтау порты арқылы Баку – Тбилиси – Джейхан бағытымен жөнелтілген мұнай көлемі 1,3 млн тоннаны құрады, ал Германияға тасымалдау көлемі 2,1 млн тоннаға дейін жеткізіліп, 2024 жыл деңгейінен 40%-ға артты. Компания экспорттық логистиканың тұрақтылығын арттыру үшін баламалы жеткізу бағыттарын жоспарлы түрде дамытып келеді.
Мұнай өңдеу саласында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстан Республикасының үш мұнай өңдеу зауытында 2025 жылдың қорытындысы бойынша 17,5 млн тонна мұнай өңделді, оның 14,4 млн тоннасы ҚМГ үлесіне тиесілі. Жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемі 13,6 млн тоннаны құрап, 2024 жылғы көрсеткіштен 1,2 млн тоннаға жоғары болды. Бұл – Компания үшін рекордтық нәтиже.
«CASPI BITUM» БК» ЖШС-нің кеңейту жұмыстары аяқталды, сондай-ақ Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуаттарын арттыруға дайындық жалғасуда. Бұл алдағы уақытта Компанияның мұнай өңдеу сегментіндегі позицияларын нығайтып қана қоймай, ішкі нарықтың қажеттіліктерін неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Даму мен ресурстық базаны кеңейтуге арналған инвестициялар
Қазіргі уақытта ҚМГ ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асырудың белсенді кезеңіне өтуде.
ҚМГ әртүрлі жетілу кезеңдеріндегі 23 жобаны қамтитын ауқымды барлау бағдарламасын жүзеге асыруда. Терең және аз зерттелген аумақтарға басымдық беріледі. Есепті кезеңде CNOOC және Sinopec компанияларын қоса алғанда, халықаралық серіктестермен жаңа келісімшарттарға қол қойылды. Компания қолданыстағы серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге де, жаңа стратегиялық әріптестік қатынастарын қалыптастыруға да ашық.
Сонымен қатар Компания қосымша өсу нүктелеріне айналуы тиіс жаңа бағыттарды дамытып келеді. Мұнай-газ химиясы мен газ өңдеу салаларындағы ірі жобаларды іске асыру жалғасуда, қайта өңдеу қуаттарын кеңейту және ілеспе инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мұндай тәсіл Компанияның ағымдағы бизнесін нығайтып қана қоймай, оның қызметін кезең-кезеңімен әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Адамдар, құзыреттер және жауапты даму
2025 жылы Компания кадрларды оқыту мен дамытуға жүйелі түрде инвестиция салуды жалғастырды. ҚМГ алдында тұрған міндеттердің ауқымы жаңа құзыреттерді дамытуды және білікті мамандарды тартуды талап етеді. Осыған байланысты Компания кадрларды даярлау және кәсіби дағдыларды дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Бұл жұмыс мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, технологиялар және цифрландыру сияқты бағыттарды қамтиды. Бізге жобаларды іске асыру ғана емес, оларды ұзақ мерзімді сүйемелдеу үшін өзіміздің кәсіби әлеуетімізді қалыптастыру да маңызды.
Біз өндірістік қауіпсіздік мәдениетін жүйелі түрде дамытып, тәуекелдерді басқаруды күшейтіп, цифрлық мониторинг құралдарын енгізіп, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің интеллектуалды жүйелерін іске қосуға дайындық жүргізіп жатырмыз.
Дәстүрлі бизнесті дамытумен қатар, ҚМГ төмен көміртекті даму саласындағы жұмысын жалғастыруда. 2025 жылы Eni компаниясымен бірлесіп Жаңаөзен қаласында қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясы іске қосылды. Бұл – жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясының алғашқы кезеңі. Біз мұндай жобаларды энергетикалық көшуге кезең-кезеңмен әрі практикалық тұрғыдан бейімделудің бір бөлігі ретінде қарастырамыз. Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт және 300 МВт/600 МВт·сағ энергия жинақтау жүйесі бар «Мирный» жел электр станциясының құрылыс жобасы жүзеге асырылуда. 2025 жылы жоба бойынша базалық жобалау аяқталды, детальдық жобалау 81%-ға жетті.
Экология, инфрақұрылым және әлеуметтік жауапкершілік
ҚМГ үшін тұрақты даму – бұл тек өндірістік көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар экология, әлеуметтік жауапкершілік және Компания қатысатын өңірлердегі өмір сапасына деген қамқорлық. 2025 жылы Маңғыстау облысында қуаты тәулігіне 50 000 м³ «Кендірлі» теңіз суын тұщыландыру қондырғысы іске қосылды. Зауыт аймақ халқын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған. Компания сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны шеңберінде экологиялық бастамаларды, сондай-ақ көгалдандыру жобалары мен мұнай қалдықтарын басқару бойынша іс-шараларды іске асыруды жалғастырды. Біз Компанияның дамуы аймақтардың дамуына нақты үлес қосумен, экологиялық жауапкершілікті арттырумен және қауіпсіздік мәдениетін нығайтумен қатар жүруі керек деп есептейміз.
Алға көзқарас
Бүгін ҚМГ – мықты ресурстық базасы, тұрақты өндірістік нәтижелері және ірі инвестициялық портфелі бар компания. Біз қаржылық тұрақтылықты сақтай отырып, болашақ дамуға берік негіз қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастырып келеміз.
Құбылмалы энергетикалық күн тәртібі жағдайында ҚМГ өз позицияларын жүйелі түрде нығайтып, құзыреттерін кеңейтіп, жаңа бағыттарды дамытып, Қазақстан үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыруды жалғастырады.
ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлеріне кәсібилігі мен іске деген жауапты көзқарасы үшін, ал серіктестеріміз бен акционерлерімізге сенімі мен қолдауы үшін алғысымды білдіремін.
Құрметпен,
АСХАТ ХАСЕНОВБасқарма төрағасы
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ